Тәжікстан азаматы 800 келі кептірілмеген марихуана есірткі затымен қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері Тәжікстан Республикасының азаматын жалпы салмағы 800 келі кептірілмеген марихуана есірткі заттарымен ұстады, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.

«Көкнар-2016» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында Көліктегі ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Шу станциясы желілік полиция бөлімі қызметкерлері бірлесе отырып, «Шу-Құмөзек» өткелінде Душанбе қаласының тұрғыны, Тәжікстан Республикасының 44 жастағы азаматын жабайы қара сора жинау үстінде ұстады. Күдікті осыған дейін Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексі бойынша сотталған болып шықты.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған зат жалпы салмағы 800 келі «кептірілмеген марихуана» есірткі заты болып шықты.

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол есірткі заттарын өзі үшін жинаған.

Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-тармағы бойынша (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тіркелді.

Күдікті Шу ст. ЖПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.