Тәжікстан парламенті түрмедегі 12 мың адамға рақымшылық жасауды қолдады
Тәжікстанның төменгі парламенті ел президенті Эмомали Рахмон ұсынған рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады.
Рақымшылыққа күдікті, айыпты, сотталушы, жазасын өтеуші ретінде қылмыстық іс бойынша өткен 12 мың адам ілігеді.
Рақымшылық аясында үш мыңнан астам адам түзеу мекемесінен босатылады. Сондай-ақ, заңға сәйкес, барлық шығын сомасын өтеген жағдайда, алаяқтық жасағандар, басқа да қаржы қылмысына қатысы барларға рақымшылық жасалады.
-Отанын сату, тыңшылық, терроризм, қатігездікпен кісі өлтіру сияқты аса ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді, - деп мәлімдеді Тәжікстанның бас прокуроры Юсуф Рахмон.
Оның айтуынша, өмір бойына түрмеге қамалғандарға да жеңілдік көрсетілмейді.
Бұл заң жобасы ел тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналды. Тәуелсіздік жылдары Тәжікстанда рақымшылық 14 рет жарияланды.