Тәжікстанда алып қауын түріндегі шайхана ашылды
Гиссардың 3000 жылдығын мерекелеуге орайластырылған рәсімге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өзі келді.
Мемлекет басшысының ресми сайтынан хабарланып отырғандай, «қала құрылысының көне дәстүрлері сақталып» салынған жаңа шай үйінің биіктігі 43 метрді, ені - 55 метрді құрайды, ал ұзындығы 100 метрден асады.
Маңызды мемлекеттік даталар дүркіреп өткізілетін Тәжікстанда соңғы жылдары көптеген жаңа мерекелер пайда болды. Бұл ел қауын мен қарбыз күнін, бал, палау және асқабақ мерекесін атап өтеді, өнім жинау және қысты шығарып салу сияқты көне мерекелер қайта оралды.
2009 жылы Тәжікстанда ұзындығы 1501 метр, ені 7 метр болған ту тігілді. Бір жарым шақырымдық матаның салмағы 1,25 тоннаға жеткен.
Ал 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының құрметіне Душанбеде сол кезде әлемде ең биік болған тутұғыр орнатылды.
Қазіргі кезде Душанбеде Орталық Азияда ең үлкен болатын жаңа мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мешіттің аумағы Тәжікстан картасының пішіні үлгісінде құрылады, деп жазады шетелдік БАҚ.