Тәжікстанда парламент сайлауында дауыс беру аяқталды
Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен тура сағат 20:00-де жабылды.
Тәжікстанның сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының басшысы Бахтиёр Худоёрзоданың айтуынша, сайлау ашық және демократиялық жолмен өтті.
«Сайлау әділ өтті. Комиссияға күні бойы ешқандай арыз-шағым түскен жоқ», - дейді Б.Худоёрзода.
Мұның алдында комиссия жетекшісі сайлау барлық талапқа сай өтті деп танылғанын атап өткен еді. Өйткені сайлаушылардың қатысу көрсеткіші белгіленген 50 пайыздан жоғары болды.
«Күндізгі 15:00-ге дейін бүкіл елде 3 млн 703 мың 969 адам дауыс беріп үлгерді. Бұл – елдегі бүкіл сайлаушылардың 75,1 пайызы», - дейді Бахтиёр Худоёрзода.
Қазіргі уақытта комиссия дауыс санауға кірісіп кетті. Сайлаудың алдын ала қорытындысы 2 наурызда жарияланады.
Парламент сайлауының түпкілікті қорытындысы екі апта ішінде белгілі болады.