Агенттіктің атап өтуінше, Өзбекстан Тәжікстанға бірден-бір шетелдік газ жеткізуші, ал елде отынның бұл түрін өндіруі тым мардымсыз.
«Өзтрансгаз» басшылығы Душанбеге жолдаған хатында өздері үшін негізгі әріптесі - Қытайға газ жеткізілімі міндеттемесін орындау маңыздырақ екенін баса айтты. Ташкент «газ ресурстарының жетіспеушілігінен» жеткізілімді тоқтататын уәжін білдірді.
«Өзбек тарапының уәжімен келісе алмаймыз. Өйткені бүгінгі таңда Өзбекстан тәулігіне 200 миллион текше метрден астам табиғи газ өндіреді, бұл Тәжікстанның бүкіл 2012 жылға жоспарланған жеткізіміне тең дерлік», - деп мәлімдеді тәжік министрлігі. Алайда елді отынмен қамтамасыз ету жөнінде қандай шаралар қабылдайтыны айтылмаған.
2012 жылы Тәжікстанға өзбек газының жеткізілімі 2 күн - 4 және 5 қаңтарда тоқтатылды. Ол кезде Ташкент 2012 жылға келісім-шарт жасалмағанын желеу етті. Бұдан кейін тиісті қағаздарға қол қойылып, жеткізілім жалғастырылды.
Asia Plus басылымының тәжік энергетика ведомствосындағы дереккөзінің пайымдауынша, оның басты себебі - екі мемлекеттің Фархад бөгеті мен су қоймасы төңірегіндегі жанжалына байланысты. Кеңестік кезеңде бұл аумақ Өзбекстанға жалға берілген болатын, содан бері қайтарылған жоқ, ал қазір Ташкент бөгет пен су қоймасын өздеріне түпкілікті алып қалмақ, оған тәжік жағы әзірше келісім бермей отыр», - деп мәлім етті дереккөз.