Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қыркүйекте Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Сенат спикері, Душанбе қаласының мэрі Рустами Эмомали елордадағы Шохмансур ауданында көпфункционалды сәулет-сервистік кешенінің құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
Сәулет кешені 29 гектар аумақты алып, 52 нысанды қамтиды. Оның ішінде 5 биік мұнара болады. Ең биік мұнара 77 қабаттан тұрып, биіктігі 340 метрге жетеді. Оған «Душанбе мұнарасы» атауы берілмек.
Кешен құрамына қонақүй, кафе, мейрамханалар, сауда және қызмет көрсету орындары, кеңсе ғимараттары, 1000 орындық концерт залы, кинотеатр, сауда-ойын-сауық орталығы, балалар ойын алаңы, түрлі іс-шаралар өткізуге арналған абаттандырылған аумақ, спорт залы, саябақ және көл кіреді.
Ғимараттардың сыртқы келбеті әлемдік брендтердің талаптарына сай болады.
Жоба аясында 6160 пәтерге арналған 42 тұрғын үй, 1200 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп және 500 балаға арналған балабақша салынады.
Құрылыс жұмыстарын 5 жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Жобаға 2 мыңнан астам жергілікті құрылысшы тартылмақ.
Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ең биік ғимарат Астанадағы «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің мұнарасы саналады. Оның биіктігі 311 метр, ал ғимарат 75 қабаттан тұрады.
Бұған дейін Тәжікстан 2030 жылға дейін туристік саланы дамытуға 29,5 млн доллар бағыттайтыны хабарланған болатын.