Тәжікстан астанасында скутер мен электрлі самокаттарға тыйым салынды

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Душанбеде 2030 жылға дейін электрлі самокат пен скутерлер және басқа да жеке көліктерді пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Тиісті шешім Душанбе қалалық кеңесінің қаулысымен қабылданды.

– Бұл шешім электр самокаттары мен скутерлерді пайдалануды реттеу, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтірмеу, барлық жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында қабылданды, - деп түсіндірді қала әкімдігі. 

Ведомство мұндай көліктерді қауіпсіз пайдалану үшін қажетті инфрақұрылым жасалғанға дейін шектеу күшінде болатынын қоса айтты.