Тәжікстан қазақстандықтарға 100 білім грантын бөлді

Фото: halyq-uni.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде 2025–2026 оқу жылына Тәжікстанның жоғары оқу орындарында оқу үшін 100 білім гранты бөлінді.

Гранттар мына бағдарламалар бойынша ұсынылады:

  • бакалавриат – 70 орын;

  • магистратура – 20 орын;

  • үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы – 10 орын.

Оқу тілі – тәжік немесе орыс тілі.

- Грант тегін оқуды, мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес ай сайынғы стипендияны және медициналық қызмет көрсетуді қамтиды. Қалған шығындар, соның ішінде жолақы және тұру ақысы, грант иегерінің жеке қаражаты есебінен төленеді, - делінген Халықаралық бағдарламалар орталығының ақпаратында.

Құжаттар 2025 жылғы 12 тамызға дейін қабылданады. Толық ақпарат bolashak.gov.kz сайтында жарияланған.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Тәжікстан білім және ғылым саласында әріптестікті кеңейту жөнінде бірқатар келісімге қол қойған болатын.

Жақында Астанада Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Үкіметаралық комиссияның 19-отырысы өтті.