Тәжікстанның Жер ресурстарын басқару және геодезия жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Ориф Ходжазода баспасөз мәслихатында ұзындығы 416 шақырым болатын учаскеде далалық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Қазіргі уақытта 300 шақырым аумақта инженерлік жұмыстар аяқталған. Бұл жалпы жұмыстың 90 пайызы.
Оның айтуынша, Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары 2027 жылы толық аяқталмақ.
Сонымен қатар, Өзбекстанмен де белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері мемлекеттік шекараны демаркациялау мәселелері жөніндегі үкіметаралық жұмыс топтары аясында Тәжікстан мен Өзбекстан делегацияларының жеті кездесуі өткен.
Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы – 1008,14 шақырым. Екі ел мемлекеттік шекара туралы келісімге 2025 жылғы 13 наурызда Бішкекте қол қойған.
Ал 2025 жылғы 31 наурызда Худжанд қаласында Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш ел шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге және одақтастық туралы шарттың ратификациялық грамоталарымен алмасу хаттамасына қол қойды. Худжанд декларациясына қол қою өңір елдері арасындағы тату көршілік пен өзара түсіністікті нығайтуға берік негіз қалады.
Бұған дейін Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекаралары түйіскен жерде алғашқы шекара бағандары орнатылғаны хабарланған болатын.