Тәжікстан мен Қырғызстан аудандары жаппай электр қуатынсыз қалды

АСТАНА.KAZINFORM — 14 тамыз күні Тәжікстанның бірнеше қалалары мен аудандары, сондай-ақ Бішкектің бірнеше ауданы жаппай электр қуатынсыз қалды.

Фото: avesta.tj

Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігі оған Нурек су электр станциясындағы агрегаттардың жоғары жүктемеге шыдамай тоқтап қалуы себеп болуы мүмкін дейді.

Алайда, бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ.

Дереккөз мәліметінше, мәселені шешу үшін жедел штаб құрылды. Мамандар электр қуатының сөну себебін тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бішкек қаласының, сондай-ақ Чуй және Ыстықкөл облыстарындағы бірнеше ауыл тұрғындары да жарықсыз қалғанын айтып, электр қуатының тоқтағанына шағымданды.

Economist.kg мәліметінше, электр қуатын толық қалпына келтіру мерзімі әлі белгісіз.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматының төрт ауданында және Алматы облысының 10 ауданында электр қуаты өшірілді.

Алматыда жарық өшуіне байланысты 9 балдық кептеліс пайда болды.