Салтанатты шарада сөз сөйлеген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сала мамандарын мерекемен құттықтап, бүгінде болып жатқан түрлі шиленістер кезеңінде әскерге босаңсуға болмайтынын атап өтті.
— Экстремистік және террористік ұйымдардың белсенділігі мен заңсыз есірткі айналымы, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті басты қауіп болып қала береді. Сондықтан әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі, — деді Э. Рахмон.
Тәжікстан басшысы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән берудің маңызына тоқталып, әскерге заманауи технологияларды енгізуді тапсырды.
— Офицерлер мен сарбаздардың кәсіби шеберлігін арттыру қажет. Мұнымен бірге, әскер заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті игеріп, тиісінше оны қолдануға басымдық беруі керек, — деп тоқталды Тәжікстан президенті.
Еске салайық, Қырғызстан Тәжікстан және Өзбекстанмен шекарадағы бақылауды күшейтпек.
Қоса кетейік, Наурыз мейрамында теракт жасамақ болған 30-дан астам тәжікстандық сотталды.