Тәжікстан туризмді дамытуға 29 млн доллардан астам қаржы бөледі

АСТАНА.KAZINFORM — Тәжікстан 2030 жылға дейін туристік саланы дамытуға 29,5 млн доллар бағыттайды. Бұл туралы Душанбедегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Ақорда

Тиісті шешімді Тәжікстан үкіметі 2026 жылғы 27 шілдеде қабылдады. Құжатта 2027–2030 жылдары Туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.

Жаңа стратегия аясында 6 негізгі бағыт бойынша 37 іс-шара жүзеге асырылады. Оларды қаржыландыруға жалпы 273,4 млн сомони (29,5 млн доллар) қарастырылған. Оның ішінде 60,8 млн сомони мемлекеттік бюджеттен, 68,9 млн сомони даму серіктестерінен, ал 143,6 млн сомони жеке сектордан бөлінеді.

Жоспар туристік саланың барлық негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саладағы кадрлық әлеуетті күшейту, «Е-мехмон» жүйесін енгізу және елдің туристік мүмкіндіктерін халықаралық көрмелерде ілгерілету көзделген.

Тәжікстанның Туризмді дамыту комитетіне жыл сайын 1 наурызға дейін жоспардың орындалу барысы туралы үкіметке есеп беру тапсырылды.

Бұған дейін Тәжікстанда туризмді дамыту қоры құрылғаны хабарланған еді. Елде туристер үшін жаңа төлем енгізіледі.