Тәжікстан ұлттық банкі Базель консультативтік тобының құрамына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан ұлттық банкі Базель консультативтік тобының (Basel Consultative Group, BCG) құрамына кірді. Бұл туралы реттеуші органның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Фото: bis.org

Мұндай шешім Базель банктік қадағалау комитетінің хатшылығымен бірнеше кезеңнен тұратын келіссөздерден кейін қабылданды.

Ұлттық банк бұл қадамды банк қызметін реттеу және қадағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ әлемдік озық тәжірибе мен стандарттарды енгізу мақсатымен түсіндірді. Енді Тәжікстан Базель комитетінің жаңа бастамаларын талқылауға қатысып, оларды әзірлеу барысында өз сараптамалық ұстанымын білдіре алады.

Реттеуші органның мәліметінше, топ жұмысына қатысу ұлттық банк жүйесіндегі реттеу мен қадағалау тетіктерін жетілдіруге және банк секторының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Базель консультативтік тобы Базель комитеті мен оның құрамына кірмейтін елдердің реттеуші және қадағалау органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Топ аясында банк қызметін реттеудің өзекті мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасу өтеді. Сонымен қатар қатысушылар Базель комитетінің бастамалары мен талаптарын әзірлеудің бастапқы кезеңінде талқылайды.

BCG жұмысына орталық банктердің, банк қызметін реттеу және қадағалау органдарының, халықаралық ұйымдар мен қадағалау органдарының өңірлік бірлестіктерінің өкілдері қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Тәжікстанда банк карталарын бөгде адамдарға бергені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілетінін жазғанбыз.