Тәжікстанда 30 мың көрерменге арналған Ұлттық стадион ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ел астанасында жаңа Ұлттық стадион пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Душанбе қаласының төрағасы Рустами Эмомали қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Ховар

Стадион 9,5 гектар аумақта салынған және 30 мыңнан астам көрерменге арналған. Спорт кешені екі деңгейден тұрады: төменгі деңгейде 12 мыңнан астам, жоғарғы деңгейде 18 мың орын қарастырылған.

Ғимараттың жалпы аумағы 42 мың шаршы метрден асады, ал құрылыс аумағы — 27 мың шаршы метр. Стадион бес қабаттан және жертөле қабатынан тұрады. Оның биіктігі 33 метрге жетеді.

Фото: Ховар

Стадионның ортасында аумағы 7 140 шаршы метр болатын заманауи футбол алаңы орналасқан. Алаңның көлемі — 105×68 метр.

Фото: Ховар

Бұл ФИФА-ның халықаралық матчтар мен әлем чемпионаты ойындарын өткізуге қойылатын талаптарына сәйкес келеді.

Фото: Ховар

Эмомали Рахмон Ұлттық стадионның ашылуын ел халқына жасалған лайық сый деп атады.

Еске салайық, бұған дейін Тәжікстандағы Рогун су электр станциясы тағы 30 метрге көтерілетінін хабарлағанбыз.