Тәжікстанда балгерлердің қызметіне жүгінгендерге айыппұл салынуы мүмкін

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан үкіметі балгерлер мен көріпкелдердің қызметін пайдаланғаны үшін айыппұл енгізуді көздейтін заң жобасын парламентке ұсынды.

Құжатта Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 482-бабына «Сиқыршылардың, балгерлердің және көріпкелдердің қызметін пайдалану» жөнінде жаңа тармақ енгізу қарастырылған.

Егер аталған түзету парламентте қабылданса, балгерлерге немесе көріпкелдерге жүгінген азаматтарға 750 сомониге дейін (шамамен 44 мың теңге) айыппұл салынады.

Соңғы жылдары Тәжікстан билігі балгерлік пен көріпкелдікке қарсы шараларды күшейтті. Өткен жылы елде бал ашу және сиқыр жасау үшін жаза енгізілген болатын. Кодекстің 482-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес, балгерлікпен айналысқан жеке тұлғалар 80-нен 100 есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биылғы алғашқы жартыжылдықта елде балгерлік пен сиқыршылықпен айналысудың 495 жағдайы тіркелген.

Айта кетейік, Тәжікстанда лүпіл мен репост үшін қылмыстық жаза жойылды.