Тәжікстанда ежелгі Мехргон егін мерекесі тойланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Душанбедегі Фирдоуси атындағы саябақта ежелгі егін мерекесі әрі жердің молшылығына алғыс айту мейрамы — Мехргонға арналған салтанатты шаралар өтіп жатыр. Бұл туралы оқиға орнынан Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Мехргонның тарихы мыңдаған жылдардан бастау алады. Бұл мереке егін жинау жұмыстары аяқталып, жердің берген сыйына алғыс айтылатын кезеңде тойланған.

Мерекенің өтетін орны да символдық мәнге ие: саябақ «Шахнаме» дастанының авторы, ұлы ақын Фирдоусидің есімімен аталады. Бұл шығармада Мехргон мерекесі де жырланған. Қазіргі Тәжікстанда да ежелгі мейрам кең көлемде, көтеріңкі көңіл күймен атап өтіледі.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Мерекелік алаңның ортасына гүлдер мен жемістерден жасалған, «Ҷашни Меҳргон» — «Мехргон мерекесі» деген жазуы бар алып композиция орнатылған. Қала тұрғындары мен елорда қонақтары күні бойы оның жанында суретке түсті. Қонақтарды жолақты шапан киіп, беліне ашық түсті орамал байлаған әртістер, сондай-ақ алтын түсті киім мен тәж киген «Мехргон шахы» бейнесіндегі өнерпаздар қарсы алды.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Елдің әр өңірі өз көрмесін әзірлеген. Тәжікстанның негізгі аграрлық аймақтарының бірі саналатын Хатлон облысы қонақтарды ыстық күлше нан мен қабатталған фатир, самбуса, қара және ақ жүзім, анар, айва, шабдалы, кептірілген жемістер мен тәттілер қойылған ұзын дастарханмен қарсы алды.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Дастарханның айналасына тәжік халқының дәстүрлі, өзіне тән өрнегі бар атлас және адрас маталарынан тігілген көйлек киген қыздар жиналды.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Көкөніс өнімі де мол болған. Ағаш арбаның ішіне қырыққабат, баялды, тәтті бұрыш, шалғам, қызылша, асқабақ пен нағыз тәжік палауын дайындауға қажетті сары сәбіз тау болып үйілген.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Мерекенің шарықтау шегі театрландырылған бағдарлама болды. Фольклорлық ансамбльдердің әртістері егін жинауға арналған билерді орындады. Қолдарына құрма мен анар салынған себет ұстаған қыздар, жолақты шапан киген жігіттер диқандардың тұрмысынан көріністер көрсетті.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Өнерпаздардың өнер көрсетуіне асқабақ, қарбыз және қауыннан қолдан жасалған таулар көрік берді.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Қазіргі Тәжікстанда бұл мереке президент Эмомали Рахмонның бастамасымен 2009 жылы қайта жаңғыртылып, 2017 жылы материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізіміне енгізілді.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Наурыз бен Сада мерекелерімен қатар, Мехргон парсы тілдес халықтардың ежелгі басты мейрамдарының бірі саналады.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Тәжікстан туризмді дамытуға 29 млн доллардан астам қаржы бөлетінін хабарлаған едік.