Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Уәлихан Төреханов қабылдауға келген қонақтарды қарсы алды. Олардың қатарында Тәжікстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық миссиялардың басшылары мен қызметкерлері, халықаралық ұйымдар, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Тәжікстанда тұратын қазақстандықтар болды.
Ресми бөлімде Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Құттықтау сөзінде елші 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске салды.
Оның айтуынша, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздік алу жолындағы маңызды кезең болды.
-Біз үшін бұл күн Түрік қағанаттары, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінен бастау алатын қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы сабақтастығын білдіреді, – деді Уәлихан Төреханов.
Дипломат жиынға қатысушыларға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да айтып берді. Қазіргі уақытта өңірдің жиынтық жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі 480 млрд доллардан асты.
Қазақстан жаңа инвестициялық кезеңді бастап, Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің маңызы зор.
Сыртқы саясат мәселесіне тоқталған елші Қазақстан аумағында 468 ядролық сынақ өткізілгенін еске салды. Осыған байланысты еліміз ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық күш-жігерді қолдауды жалғастырады. Бұл міндеттемелер Астананың Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі бастамасымен де толықтырылады.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі – Орталық Азия.
-Біз Орталық Азия бәсекелестік емес, ынтымақтастық; бөліну сызықтары емес, өзара байланыс өңіріне айналуы керек деп сенеміз, – деді елші.
Уәлихан Төреханов Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, екі ел басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында екіжақты байланыстар сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асып, 34%-ға өсті. Қазақстан Тәжікстан экономикасына инвестиция салатын ірі елдердің қатарына кіреді. Қазақстанның Тәжікстанға салған инвестиция көлемі 148 млн доллардан асты.
-Тарих бізді көрші етті, құндылықтарымыздың ортақтығы мен бір-бірімізге деген құрмет бауыр етті, экономикамыз сенімді серіктеске айналдырды, ал ортақ мүдделеріміз бен өзара сеніміміз одақтас етті, – деп атап өтті дипломат.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Қонақтарға аспаптық ансамбль өнер көрсетіп, жас әртістер қазақтың халық әндері мен билерін орындады. Сондай-ақ жиынға қатысушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды.
Айта кетейік, Астанада Республика күніне арналған салтанатты концерт өтті.