Тәжікстанда салық резиденттігі туралы анықтама беру тәртібі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Тәжікстанда салықтық резидент мәртебесін растайтын құжатты беру тәртібін түсіндірді.

Фото: Gov.kz

Тәжікстан Республикасының Қаржы министрлігі салықтық резидент мәртебесін растайтын құжатты беруге уәкілетті орган саналады.

Рәсімдерді оңтайландыру және өтініш берушілер үшін қолайлылықты арттыру мақсатында құжат тек электрондық түрде Тәжікстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталы — https://emoliya.tj
арқылы беріледі.

Электрондық құжатты алу рәсімі порталда тіркелген пайдаланушының бастамасымен жүзеге асырылады. Өтініш берілгеннен кейін құжат Тәжікстан Республикасы Қаржы министрлігінің белгіленген рәсімдеріне сәйкес қалыптастырылып, уәкілетті лауазымды адам бекітеді.

Бекітілген құжат Тәжікстан Республикасы Қаржы министрлігінің ресми бланкісінде рәсімделеді, уәкілетті лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылып, порталда орналастырылады.

— Құжаттың түпнұсқалығын тексеру үшін QR-код технологиясы пайдаланылады: оны сканерлеген кезде құжат пен оның деректемелері орналастырылған ресми сайттың тиісті бетіне белсенді сілтеме арқылы өту жүзеге асырылады. Аталған тетік құжаттың түпнұсқалығы мен өзектілігін нақты уақыт режимінде онлайн тексеруге мүмкіндік береді. Электрондық құжаттың түпнұсқалығын QR-код арқылы тексеру оның ресми ресурста орналастырылған мерзімі ішінде, яғни 10 жыл бойы, қолжетімді, — делінген комитет хабарламасында.

Осыған дейін көктемде Тәжікстанға шамамен 11 000 қазақстандық турист барғанын жазғанбыз.