Тәжікстанда су ресурстары саласындағы халықаралық сыйлық тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Тәжікстан Республикасы Президентінің су саласындағы халықаралық сыйлығын» тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: Avesta.tj

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа марапат халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми зерттеулерге, орнықты саясатты қалыптастыруға, сондай-ақ су ресурстары мен климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарды ынталандыру және еңбегін мойындау мақсатында тағайындалған.

«Сыйлықтың тағайындалуы зерттеушілер мен ғылыми ұйымдардың су ресурстарына қатысты мәселелерді терең зерттеуге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар технологиялар алмасуды дамытуға, мұздықтарды сақтау және таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Сыйлыққа үміткерлерді анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына БҰҰ университеті Су, қоршаған орта және денсаулық институтының өкілдері де енеді.

Марапатты табыстау рәсімі Тәжікстанда өтетін су ресурстары саласындағы халықаралық іс-шаралар аясында ұйымдастырылады.

Жарлыққа сәйкес, Тәжікстан үкіметіне екі ай ішінде сыйлық туралы ережені әзірлеп, бекіту және тиісті комиссияның құрамын жасақтау тапсырылды.

«Бұл бастама су ресурстары мәселелерін халықаралық деңгейде талқылауды жандандырып, тұрақты дамуға қатысты жаһандық күн тәртібіндегі су тақырыбының маңызын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті тәжік тарапы.

Айта кетейік, бұған дейін Душанбеде өткен 4-ші су конференциясында Эмомали Рахмон су мәселелерін тұрақты даму жөніндегі халықаралық күн тәртібінің өзегіне шығаруға бағытталған бірқатар практикалық ұсыныс айтып, Орталық Азиядағы трансшекаралық ынтымақтастық аясында сенім мен серіктестікті нығайтуға шақырған болатын.