Тәжікстанда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ауқымды рақымшылық жарияланды

АСТАНА.KAZINFORM — Тәжікстанда ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 18 мыңнан астам сотталған азаматқа рақымшылық жасалады. Тиісті заңға Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қол қойды.

Фото: StanRadar

Тәжікстан Президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Рақымшылық туралы» заң қылмыс жасаған азаматтарға түзелуге, отбасына қайта оралып, қоғамға пайдалы еңбекпен айналысуға мүмкіндік береді.

Заңның күші жалпы саны 18 038 сотталған адамға таралады. Оның ішінде 11 305 адам бас бостандығынан айыру орындарынан, түзеу мекемелерінен және бас бостандығынан айырумен байланысты емес өзге де жазалардан босатылады.

Ал 6 733 адамның өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.

Құжат әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жеңілдіктерді көбірек қарастырады. Рақымшылық 507 әйел мен 134 жасөспірімге қолданылады.

Заңды іске асыру тиісті мемлекеттік органдарға жүктеліп, оны орындау екі ай ішінде қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды жұмыспен қамту, кәмелетке толмағандардың білім алуын ұйымдастыру, оларды тіркеу және бірыңғай есепке алу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.