Тәжікстанда тойлар мен салт-жоралар туралы заңды бұзудың 700-ден аса дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда жыл басынан бері «Дәстүрлерді, салтанатты іс-шаралар мен салт-жораларды реттеу туралы» заңды бұзуға қатысты 704 әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: Pixabay.com

Бұл туралы Дін істері, дәстүрлерді, салтанатты іс-шаралар мен салт-жораларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Фаррухулло Олимзода есептік баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Комитеттің мәліметінше, алғашқы алты айда елде 35 699 салтанатты іс-шара мен салт-жора тіркелген. Заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 8 661 рейдтік іс-шара өткізілді.

Заң талаптарының күшейтілгеніне қарамастан, құқық бұзушылықтар саны артып келеді. Есепті кезеңде Тәжікстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша 704 әкімшілік іс қаралып, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74 жағдайға көп болды.

— Қаралған істердің нәтижесінде 699 жағдайда әкімшілік жаза тағайындалды, тағы 5 іс соттардың шешімімен тоқтатылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,097 миллион сомониді (шамамен 261 миллион теңге) құрады, — деді Фаррухулло Олимзода.

Айта кетейік, 2007 жылы қабылданған «Тәжікстан Республикасындағы дәстүрлерді, салтанатты іс-шаралар мен салт-жораларды реттеу туралы» заң ұлттық құндылықтарды сақтауға және үйлену тойы, жерлеу рәсімі, бала тууға байланысты салт-жоралар мен басқа да іс-шараларды өткізу кезінде орынсыз ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған.

Бұған дейін 2026 жылдың бірінші тоқсанында Тәжікстанға 370 000-нан астам шетелдік турист барғанын жазған болатынбыз.