Тәжікстандағы Рогун су электр станциясы тағы 30 метрге көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тиісті тапсырманы Рогун су электр станциясының құрылысшыларымен кездесуде берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: НБО Роғун

Эмомали Рахмон Рогун су электр станциясының құрылысы тәуелсіздік кезеңіндегі ең маңызды жетістіктердің бірі екенін, ол қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін жағдай жасайтынын атап өтті.

- Энергетикалық қауіпсіздік әрбір мемлекеттің басты мақсаттарының біріне айналған бүгінгі күрделі жағдайда Рогун су электр станциясының құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау және оның қуатын толық іске қосу біздің еліміз үшін өте маңызды және тағдыршешті мәнге ие, - деп атап өтті президент.

Тәжікстан президенті құрылысшыларға адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, бөгетті теңіз деңгейінен 1155 метр биіктікке көтеру мемлекет тәуелсіздігінің 35 жылдығына лайықты құрмет екенін атап өтті.

Оның атап өтуінше, әрбір аяқталған кезең елді толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу және жасыл экономиканы дамыту сияқты ұлттық стратегиялық мақсатқа жақындатады. 

- 2027 жылға қарай толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында бөгеттің биіктігін 1185 метрге дейін жеткізіп, су қоймасындағы су деңгейінің кемінде 1165 метрден төмен емес белгіге дейін жетуін қамтамасыз ету керек, - деп тапсырды Рахмон.

Рогун су электр станциясы (СЭС) – Тәжікстанда Рогун қаласының маңындағы Вахш өзенінде салынып жатқан су электр станциясы. Оның құрылысы 1987 жылы басталды, алайда КСРО ыдырағаннан кейін тоқтатылды. Жұмыс 2016 жылы қайта басталды. Қазіргі уақытта СЭС-те 2018 және 2019 жылдары іске қосылған екі блок жұмыс істейді. Барлығы алты агрегат орнату жоспарланған. 

Жоба аяқталғаннан кейін биіктігі 335 метр болатын СЭС бөгеті әлемдегі ең биік болады, ал орнатылған қуаты 3780 МВт болатын станция – Орталық Азиядағы ең ірісі болады.

Осыған дейін 2026 жылы Тәжікстан аумағында салынып жатқан Рогун ГЭС-і құрылысына 1 млрд АҚШ долларын бағыттау жоспарланып отырғанын жаздық.