Тәжікстандықтар қыспен қоштасу мейрамын атап өтіп жатыр

Фото: Мәдібек Жәнібеков

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстанда қыстың аяқталып, көктемнің жақындауын және жерді егіске дайындауды білдіретін Сада мерекесі аталып өтуде, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Сада – тарихтың терең қойнауынан тамыр тартатын ең көне мейрамдардың бірі. Ол жарықтың түнекке, жылудың суыққа, жақсылықтың жамандыққа үстемдік етуін бейнелейді және тәжік халқының тарихында айрықша орын алады.

Ежелден Сада мейрамынан кейін диқандар көгалдандыруға, ағаш отырғызуға, жер мен бақтарды абаттандыруға кіріскен.

– Сада, ең алдымен, диқандардың мерекесі және ол ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Қысқы қырықкүндікте атап өтілуі қыстың және суықтың билігі аяқталып келе жатқанын білдіреді, ал табиғат көктемнің жақындауын және ауыл шаруашылығы жұмыстарының басталуын хабарлайды. Яғни Сада – табиғаттың Наврузға бет бұруы және көктемгі егіске дайындық, – деп атап өтті Эмомали Рахмон Тәжікстан халқына жолдаған құттықтауында.

Фото: Мәдібек Жәнібеков

Мейрам атауы «жүз» санымен байланыстырылады, яғни Наврузға дейінгі елу күн мен елу түнді білдіреді. Ал басқа бір нұсқа бойынша, Сада атауы авесталық «санд» сөзінен шыққан, ол «пайда болу», «нұрлану», «көрініс табу» мағынасын береді және жарық пен жылуға қатысты ұғымды білдіреді.

Душанбе қаласында негізгі іс-шара елорданың орталық саябағы – Фирдавсиде өтуде. Халықтық серуендер кең ауқымда ұйымдастырылып, от жағу, ән айту мен би билеу арқылы жалғасады.

Дәстүрлі жәрмеңкеде диқандар ауыл шаруашылығы өнімдерін, тұқымдар мен көшеттерді ұсынса, қолөнершілер халықтық кәсіп бұйымдарын таныстырады.

Фото: Мәдібек Жәнібеков

Көне мейрам заманауи өмірмен үйлесімді түрде сабақтасып, Тәжікстан тарихы мен бүгінін байланыстыратын маңызды рухани көпірге айналды. Ол 2018 жылы мемлекет басшысы Эмомали Рахмонның бастамасымен қайта жаңғыртылды.

Ал 2023 жылы Сада мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне ресми түрде енгізілді.

Айта кетейік, Тәжікстанда Наурыздың халықаралық орталығы құрылады.