Тазы мен төбет туралы ғылыми деректер бір базада жинақталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда үлкен ғылыми жұмыс жүргізіліп, тазы мен төбет туралы алғаш рет нақты ғылыми дерек алынды.
ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері Анастасия Перфильева айтуынша, бұл зерттеулер аясында қазақы ит тұқымдарының ДНҚ банкі жасалып, генетикалық паспорттар енгізілді.
— 2021 жылы тазының генофондын зерттеу жобасы басталып, көп ұзамай төбетті зерттеп, оның генетикалық қорын сақтайтын технологияларды әзірлеуге арналған үлкен бағдарлама қолға алынды. Зерттеуге Генетика және физиология институты, Қазақстан Зоология институты, «Қансонар» қауымдастығы, Қазақстанның кинологтар одағы, ветеринариялық ұйымдар, панажайлар мен қоғамдық қорлар қатысты, — деді Анастасия Перфильева.
Ғалымдар «Қансонар» кинологтарымен бірге елдің барлық өңірін аралап, ит өсірушілермен, аңшылармен, малшылармен кездескен. Оның нәтижесінде тазы мен төбет тұқымының ДНҚ банкі құрылды. Тіркелген әр иттен ежелгі тұқымдармен генетикалық байланысы және өзге де бірегей мәліметтер алынған. Енді бұл деректер жоғалмай, ғылыми тұрғыда жүйеленген базада сақталмақ.
— Көбі сонда өз итінің үлкен ғылыми құндылығы бар екенін алғаш рет естіп білді, — деді Анастасия Перфильева.
Генетикалық талдау тазының өз алдына дербес, ежелгі әрі генетикалық тұрғыдан бірегей тұқым екенін, басқа шығыс тазыларымен бірдей емес екенін көрсетті. Сондай-ақ бұл зерттеулер төбеттің әлемдегі 140-тан астам тұқым мен отар күзететін басқа да иттерден ерекшеленетінін дәлелдеп отыр. Одан бөлек осы уақыт ішінде 600-ден астам итке генетикалық паспорт жасалған.
Еске салайық, былтыр Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі тану туралы шешім қабылдады.
Биыл Алматыда тазы тұқымының ең үздігі анықталды.