Тазының өлімі: Сценарий іріктеуіне Мағауин әңгімесі бойынша бірде-бір өтінім түспеген

Фото: Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылы бюджет есебінен түсірілетін фильмдерге ұсынылатын басым тақырыптардың қатарына «Ұлттық құндылық. Тазы» тақырыбын қосу мүмкіндігін қарастырады. Ведомствоның Kazinform сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылған.

- Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың ұсынысы негізінде Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасы желісімен фильм түсіру үшін қолайлы сценарийлерді іріктеу жұмыстары барысында тиісті сценарий келіп түспегендігін хабарлаймыз. Бұдан бөлек, министрлік 2026 жылғы басым тақырыптардың қатарына «Ұлттық құндылық. Тазы» тақырыбын қосу мүмкіндігін қарастырады, - деп жазады ведомство мамандары.

Ал биылға бекітілген басым тақырыптар мынандай:

- Ойын фильмдері секциясы - «Қоршаған орта, табиғатты қорғау», «Отан, туған жерге деген сүйіспеншілік», «Тарих пен тағылым», «Қазақ ертегілері мен эпостары», «Балаларға арналған фильмдер», «Ауыл тіршілігі»;

- Анимациялық фильмдер секциясы – «Ұлттық құндылықтар», «Туған жердің көркем табиғаты», «Ата-анаға құрмет», «Адал азамат»;

- Деректі, оның ішінде хроникалық фильмдер секциясы – «Ел бірлігі», «Тарихтағы елеулі оқиғалар», «Ғылыми жетістік».

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты әңгімесінің желісімен көркем фильм түсіру үшін сценарий іріктеу жұмыстарын бастады.