Тбилисиде Грузияның Тәуелсіздік күніне арналған әскери шеру өтті

None
БИЛИСИ. Мамырдың 26-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Бүгін Тбилисиде Грузия Тәуелсіздігінің 92 жылдығына арналған әскери шеру өтті, оған Грузияның НАТО стандарттарына сәйкес киінген әскери қызметкерлері,грузин армиясы әскеріндегі әскери техника қатысты.

Әскери шеруде ел Қарулы күштерінің барлық жауынгерлік бөлімдері мен әскер оқу орындарының өкілдері сап түзеп өтті. Сонымен қатар, әскери шеру грузин әскері қару-жарағында ресей, түрік және американ әскери техникалары бар екенін көрсетті.

Атап айтқанда, Тбилисидің бас көшесі Руставели даңғылы бойымен БТР гаубицалары, ресейлік «Град» жүйесі, Түркияның бронды техникасы және америкадық әскери «Хаммер» джиптері өтті. Сондай-ақ Тбилиси әуе кеңістігінен Ми-8, Ми-24 тікұшақтары және Су-25 ұшақтары ұшып өтті.

Айта кетейік, 1918 жылғы мамырдың 26-ы күні Ной Жордания басқарған Грузияның демократиялық үкіметі ел тәуелсіздігін жария еткен болатын. Бірінші тәуелсіз Демократиялық Грузия Республикасы 1921 жылғы наурыздың 18-іне дейін өмір сүрді. Бұл уақыт ішінде Грузия тәуелсіздігін Еуропаның, Азияның және Латын Американың 23 мемлекеті мойындаған.

1921 жылдың ақпанында Грузия КСР-і құрылды, 1922 жылдың желтоқсанында КСРО-ға алғашында Закавказ Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы құрамындағы ел ретінде қосылды, 1936 жылдан 1991 жылға дейін одақтық республика ретінде болды.