Тбилисиде парламент ғимараты маңындағы шерулерде полицияның 32 қызметкері жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Грузия астанасы Тбилисиде полиция мен наразылық білдірушілер арасында қақтығыс болып, 40-тан астам адам ұсталды. Оның арасында зардап шеккендер де бар, деп хабарлайды Каzinform меншікті тілшісі.

Фото: newsgeorgia.ge

Тбилисидегі стихиялы шеру премьер-министр Ираклий Кобахидзенің бейсенбі күні биліктегі «Грузин арманы — Демократиялық Грузия» партиясы Еуроодаққа кіру туралы келіссөздер мәселесін 2028 жылдың соңына дейін күн тәртібіне қоспау және қауымдастық тарапынан бюджеттік гранттардан бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдегеннен кейін басталды.

Грузияның Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төніп тұрғанын алға тартып, шерушілерді тарап кетуге бірнеше рет шақырған. Алайда шиеленіс бір түнде күшейіп, шерушілер мен полиция арасында қақтығыс басталды. 

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, шерушілер полицияға шыны бөтелкелер, тастар, металл және пиротехникалық заттар лақтырып, инфрақұрылымға, жол төсеміне және бейнебақылау камераларына зақым келтірген. Жекелеген нысандар да өртеніп, баррикадалар орнатылды, ал Тбилиси қалалық әкімшілігі мен жеке тұлғалардың мүлкіне зиян келтірілді.

«Митингке қатысушылардың заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттері салдарынан ІІМ-нің 32 қызметкері зардап шекті. Олардың кейбірі басы, көзі, денесі ауыр жарақатын алған. 13 қызметкерге ота жасалды. Зардап шеккендердің бірі әлі де медициналық мекемеде жатыр», — делінген ведомство хабарламасында. 

Грузияның ІІМ арнайы құралдарды қолдану туралы ескертіп, митинг «жиындар мен шерулер туралы заңның шеңберінен шығып кетті» деп мәлімдеді. Қауіпсіздік күштері Тбилиси орталығындағы Руставели даңғылында жиналған шерушілерге қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды.

29 қараша күні таңертең ведомство демонстранттар таратылып, 43 адамның ұсталғаны туралы хабарлады. Митингіде тіркелген заң бұзушылықтар бойынша — мүлікті бүлдіру немесе жою, полиция қызметкеріне шабуыл жасау баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. 

Наразылықтарға жауап ретінде Грузия парламентінің басшылығы қауіпсіздіктің қызыл деңгейін жариялады. Бұл шешім ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздердің тоқтатылуына байланысты қабылданды.

«Қызыл деңгей кезінде Грузия парламентіне қауіп ерекшеліктерін ескере отырып, парламент аппаратының басшысы белгілеген адамдардан басқа ешкім кіргізілмейді», — деп хабарлады заң шығарушы органның баспасөз қызметі.

Шерушілерге Грузия президенті Саломе Зурабишвили де қосылды. Ол билікті парламент сайлауын қайта өткізуге шақырды. 

Бұрын хабарланғандай, билік партиясы ел президенттігіне бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді ұсынды. Грузия оппозициясы 26 қазандағы сайлаудан кейін наразылық шерулерін тұрақты түрде өткізуге уәде берді.

Еске салсақ, Грузия парламенті жалпы отырыста президент сайлауының мерзімін белгіледі.

Дауыс беруге парламенттің 85 депутаты тіркелді. 80 депутат сайлауды 14 желтоқсанда өткізуді қолдап, бірде-бірі қарсылық білдірмеді.