Тбилисидегі жаңа халықаралық әуежай қашан пайдалануға беріледі

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Тбилисидегі жаңа халықаралық әуежай 2031 жылы пайдалануға беріледі. Жобаның құны 1,25 млрд долларды құрайды, деп хабарлайды агенттіктің Грузиядағы меншікті тілшісі.

Грузияның экономика және орнықты даму министрі Мариам Квривишвилидің айтуынша, жаңа әуежай – авиация саласының ұзақ мерзімді дамуы мен туристік инфрақұрылымды кеңейту жолындағы стратегиялық маңызы бар жоба.

Құрылыс Азия даму банкінің қолдауымен жүргізілген ауқымды зерттеу мен техникалық-экономикалық негіздемеге сүйенген. 2050 жылға дейінгі жолаушылар ағыны, жүк тасымалы мен туризм көрсеткіштерінің болжамы қазіргі әуежайдың болашақтағы сұранысты толық қамти алмайтынын көрсеткен.

— Біздің мақсатымыз – елдің жолаушылар мен туристік ағынның ең жоғары көлемін қабылдау қабілетін қамтамасыз ету. Қазіргі әуежайдың қуаты сұраныс динамикасына сәйкес келмей отыр, — деді Квривишвили.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Грузия авиация саласында рекордтық өсімді бастан кешіріп жатыр. Елде 70-тен астам әуе компаниясы 120-дан аса тікелей бағыт бойынша тұрақты рейстер орындайды. 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанында туризмнен түскен кіріс 3,6 млрд долларды құраған.

Үкімет жоспарына сәйкес, жаңа Тбилиси халықаралық әуежайы 2031 жылы ашылады.

Бұған дейін Грузияда жолаушылар тасымалының рекордтық өсімі тіркелгені хабарланған болатын.