Мəжіт Ілиасқар Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 55 жыл аянбай еңбек етті. Өнері өмірімен біте қайнаған сахна саңлағы театрда қазақтың, басқа да көптеген ұлттардың түрлi жанрдағы туындыларының кейiпкерлерiн сомдап шықты. Барлығы 300-ден астам рөльді сахналады.Әсіресе М.Әуезов шығармаларындағы Кеңгірбай, Алшағыр, Көбікті, Жабай, Жарылғап, Хлыновский, Долгов рөлдері, Ғ.Мүсірепов туындыларынан сомдаған Жылкелді, Қоңқай, Балта, Қодар, Қарабай, Жантық рөлдері, Ә.Таразидің «Қорқау жұлдызындағы» Д.Қонаев бейнелері, сондай-ақ шетел драматургиясынан Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» - Гофмаршал Фон Кальб, У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасы» мен «Юлий Цезарындағы» - Меркуцио мен Кассий, Ж.Б.Мольердің «Сараңындағы» - Горпогон, Н.Гогольдің «Үйленуіндегі» - Жевакин, М.Шолоховтың «Көтерілген Тыңындағы» - Осетровтың образдары өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген.
Мəжіт Жамбылұлы елге сіңірген елеулі еңбектері үшін Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталды, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Сондай-ақ ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Көпжылдық сахналық еңбегі үшін» дипломымен және сыйлығымен марапатталған.
Актердің 80 жылдық мерейтойына арналған кеште облыстық мəдениет басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева облыс əкімінің құттықтау хатын оқып беріп, арнайы сыйлығын табыстады.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.