Театр және кино сахнасында сомдаған рөлдеріңіз сіздің өнердегі ізіңіз, туған халқыңызға, қазақ халқына сіңірген зор еңбегіңіздің белгісі - Елбасының З.Шәріпованы мерейтойымен құттықтауы

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованың 80 жасқа толуына арналған «Қазақ театрының Қарагөзі» атты шығармашылық кеш өтті.

Мәдени шараға арнайы қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

«Құрметті Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы, сізді адам өмірінің аса айтулы белесі 80 жасқа толған үлкен мерейтойыңызбен құттықтаймын. Халқымыз өзіңізді ұлттық театр және кино өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде жақсы біледі. Ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне қосқан үлесіңіз елеулі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы театр сахнасында даңқты өнер жұлдыздарымен бірге еңбек ете жүріп, жүзден астам кейіпкерді шеберлікпен сомдадыңыз. Солардың арасында, әсіресе, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Айман, «Қаракөзіндегі» Қаракөз, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» Айжан, Шекспирдің «Оттелосындағы» Дездемона образдары көрермендердің жақсы есінде. Отан алдындағы еңбектеріңіз лайықты бағаланып, Қазақстанның халық әртісі атағына ие болдыңыз. «Отан» орденінің иегері атандыңыз. Осының бәрі-бәрі сіздің өнердегі ізіңіз, туған халқыңызға, қазақ халқына сіңірген зор еңбегіңіздің белгісі деп білемін», - делінген Елбасы құттықтауында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісіне мықты денсаулық, баянды бақыт, отбасына амандық пен игіліктер тілейтіндігін жеткізген.

Елбасының құттықтауын тапсырғаннан кейін Мәдениет және ақпарат министрі мерейтой иесінің иығына қамзол жапты.

«Толғанып тұр жүрегім, Елбасына алғыс айту тілегім. Елбасы, сіз қас батырсыз, данасыз, Жер бетінде теңдесі жоқ данасыз. Еліңізге панасыз, өмір жасыңыз ұзақ болып, жүзге де әлі барасыз. Сондықтан да халқыңыздың жүрегінде, мәңгілікке қаласыз», - деді тебіренген мерейтой иесі З.Шәріпова.