Театр және Тәуелсіздік...

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ей, тәкаппар дүние, мағанда бір қарашы, мен қазақтың баласы» деген Қасым Аманжоловтың осы өлең жолдарын оқысаң, жанарына жас үйіріледі.

Кеудеңді тырнаған шер-шемен сыртқа ұмтылар жол іздейді. Тәуелсіздік, 1986 жылғы ұлттық трагедия ойға оралғанда үнсіз ғана егілуден басқа шара жоқ. Ұлт үшін жанын қиған ұландар мен әскерилерден қаймықпаған әпкелеріміздің ерлігі - небір Ұлыларды дүниеге алып келген XX ғасырдың соңғы деміндей әсер қалдырады. Содан кейінгі тоқсаныншы жылғы тоқырау, инфляция, жұмыссыздық, елдің еркін өмір сүру формасы, рэкет, бәрі-бәрі есімізде. Сол бір қиын-қыстау кезден қол ұстасып өткен ерлі-зайыпты Сейтімбетовтерді әңгімеге тартқан едік. Театр мен Тәуелсіздік деген тақырыпта біршама нәрсе естідік...

Үсіпхан СЕЙІТМЕТ, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі:

Басында бейбіт шеруге шығамыз деп ойладық. Арты қызыл қырғынға айналатынын кім білген?! Кейін қудалау басталды. Артымызға «Үш әріп» түсіп, ақыры тауып алды. Кейбір ұсталған: «Бізді үгіттеген - Театр және көркем сурет институтының студенттері», - деген. «Сонда айдағанға жүре бересіңдер ме?» -деп сұраса, әлгілер: «Болашақ өнер адамдары болғандықтан сөздеріне сеніп алаңға шықтық...», - депті. Шілденің жиырмасына дейін Қайрат Рысқұлбековтердің соты жүрді. Оған дейін негізгі ұйымдастырушыларды іздеді. «Биліктің арасында жүргендердің қатысы бар-ау! Себебі, студенттер бекерден бекер шыға салмайды» деген күдік расталмады. Колбин: «Көтерілісті ұйымдастырған Театр және көркем сурет институтының студенттері» деп Горбачевқа хат жазған екен. Бесеумізді айыпты (ішінде - мен бармын, лозунг жазғаны үшін суретші жігітті 2 жылға соттады) деп тауып, жазалады. Қостанай облысы, Құсмұрын станциясы Күшейтілген еңбекпен түзеу колониясына отырғызғанда да артымнан «Үш әріптің» адамдары келіп, ай сайын тексеріп, сұраққа алатын. Бірінші курсқа түскенде Асқар Тоқпанов ағамыз сабақ берді. «Ей, қазақтар! Ояныңдар! Білім алыңдар!» - деп жанашырлықпен айтатын сөзін бәз біреулер басқаша жеткізетін. КГБ-ның адамдары бесеумізге 4, ал Ас-ағаңа қарсы 7 томға пара-пар келетін документ жинапты. Ұстазымыз қазақ балаларына жаны ашып, білім ал, оқы, ізден, еңбек ет деген сыңайдағы әңгімелерді батырып-батырып айтатын.

Ақпан айы. Төртінші курсты бітіретін кез. Жас актерлерді облыстық театрлар жұмысқа шақырады. Біз Гүлнәр екеуміз Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрына қалдық. Ол кезде Райымбек Сейтіметов көркемдік жетекші еді. Тергеушілер: «Алматыда қалатындай соншалықты сұмдықсың ба? Әлде тіреп тұрған көкелерің бар ма?.. Неге сені облысқа жібермейді?..» - деп тиісе бастады. Біздің кезде «КГД» дегенді естігенде адам шошитын.

Содан не керек, кете бардық. Түрмеде сан түрлі бұзақылармен қатар, нашамен, ішімдікпен қызығатындар да болды. Ондай жерге жоламай, бойымды аулақ ұстадым. Жиһаз жасайтын зауытта жұмыс істеп жүріп, домбыра жасауды үйрендім. Мейрам, кештерде сол домбырамен күй ойнап, ән айтып жүрдік. 60-шы (ұлтаралық наразылық тудырғаны үшін) және 65-ші статья (жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру) бойынша сотталған Құттыбек Аймахан, Шора Халықұлы, Кенже Отарбаев, Жеңіс Дәулетов, Құрманғазы Рахметов, Жамбыл Тайжұмаев секілді жеті жігіт отырдық. Серігім домбырам, жолдасым Гүлнәр және театрға деген махаббатым сол түрмеден аман-есен алып шықты. Сол!

1999 жылдан бастап осы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеп жатырмыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей...

Гүлнәр Сейтімбет:

Көркемдік шындық пен өмірлік шындықтың арасы алшақ жатыр. Күнделікті өмірің өтіп жатыр, әйтеуір күйбең тіршілік... Бұл өмірлік шындлық! Ал театрдағы шындық - актер драматургтың басты идеясынан аса алмайтын шындық. Театрда рөліңнің қалай өрбитінін білесің, ал өмірде білмейсің. Бір өте ұқыпты актер ағамыз театрға кіріп келе жатып, мұзға тайып құлады. Сол сияқты ғой...

Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңында» қатыгез Полковниктың рөлін ойнаймын. Маған жағымсыз әсер еткен рөл дер едім. Ойнау өте қиын болды. Полковникты ойнағанда, оған тек қана рөл ретінде қарадым. Сахнаға шыққанда өз басымнан өткен бүкіл естеліктерді, қиын кездерді ұмытуға тура келді.

1988 жылы Шерхан Мұртазаның «Сталинге хатында» Тұрар Рысқұловтың жолдасының рөлін ойнадым. Бұндағы қойылымда ұлтын сүйген тұлғаларды ойнау арқылы рухани ләззат алсам, ал «Қыз мұңында» алаңға шыққандарды тергейтін тасжүректі ойнау қиын соқты. Сабаққа барсаң «Үш әріп» күтіп тұрады. Сұрақтарына жауап беріп, жатақханаға барсаң алдыңнан тағы шығады. Сондағы қоятын сұрақтары - «неге бардың? кіммен бардың? кімдер ұйымдастырды?». Безіп кеткің келетін кездер болды. Бірақ қайда барасың? Айналып келіп институтқа келесің. Тағы ұстап алады. Тағы тергейді.

Біздің жатақханамыз қазіргі «Целинный» кинотеатрының жанында орналасқан-ды. Бірақ онымен іргелес сақшыхана бар екенін білмеппін. Үсіпхан екеумізді сонда отырғызып қойды. Ал келіп тергесін... Толықтау келген украиндық әскери камералардың жанынан өтіп бара жатып біреу ашып көрсететін. Ішінде үсті-басы қанжоса, киімі жыртық, әбден тепкі көрген әйелдерді көрсетіп: «Егер шындығыңды айтпасаң, дәл сондай жаза сені де күтеді...», - деді.

Үсіпхан Сейтімбет:

Біздің кейбір курстастарымыз тергеушілерге адам жағасын ұстарлық жауап берген болатын. «Алаңға неге шықтың?» - десе: «Гүлнәр, Үсіпхан, Құрманғазылар жігіттік намысыма тиген соң, амал жоқ, шығуға тура келді...», - дейтін ұқсайды.

Бұрынғы Масанчи мен Виноградов көшелерінің қиылысындағы ГУВД-ның тергеу изоляторында отырғанбыз. Ішінде нешетүрлі адамдар отыр. Тергеуші көрші камераның есігін ашып: «Егер алаңға кім бастап шыққанын айтпасаң, әйеліңді осы жерге қамап қоямын...», - деді. Онда аузына келгенін оттап, сақшыларды боқтап отырған орыс әйелдері отырған...

Гүлнәр Сейтімбет:

Жолдасым екеуміз қолыстасып, алаңға шықтық. Біреулер фотоға, біреулер камераға түсіріп жатты. Біз мәзбіз! Оңаша ой жоқ! Бір кезде адам қарасы көбейгенде шеру басталып, көшелерді аралай бастадық....

Тәуелсіздікті әркім әрқалай сезінеді. Экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болмасақ та, рухани тұрғыдан азат екеніміз ақиқат. 1986 жылы қазақтар бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірді. Студент кезімізде жыл сайын тәжірибе алмасу мақсатында басқа елге жіберетін. Сонда Әзірбайжан, Гүржістанға барғанда, бәрі: «О, қазақтар! Жарайсыңдар!» - деп жылы қарсы алды. Балтық бойы елдері басын иіп, қазақтың батырларын мойындады. Қазір Тәуелсіздік өзінен өзі келе салды немесе оны бір кісілер алып берді деген бұрмалаушылық бар. Бұл ірі оқиғаға әлі саяси баға берілген жоқ. Алаңға шыққандарды: «Ішкіштер», «нашақорлар», «бұзақылар» деп айыптады емес пе?!

Еліміз Жолдауды талқылап жатыр, одан кейін Президент күнін, одан кейін барып Жаңа жылды тойлаймыз. Жылдағы әдетіміз осы!

Бізде мынандай бір нәрсе науқанға айналған. Жыл сайын 16 желтоқсан күні жақындай бастағанда мектеп, колледж, лицей, жоғары оқу орындарынан қоңырау шалып, соғыс ардагерлері құсатып кездесуге шақыра бастайды. Бұл бізді масқаралау емес пе?! Айтылған нәрсе сол жерде қалады. Желтоқсан ардагерлері қоғамының төрағаларына: «Байкот жариялайық. Ешқайда бармайық!..» - дедім. Елбасымыздың: «Қазақ тарихындағы ең соңғы ұлт-азаттық көтеріліс - Желтоқсан көтерілісі!» - деген сөзі бар екен. Осындай жақсы бастамалар, ойлар айтылып жатыр екен. Бұл көтеріліске саяси баға беріліп, қазақ Әлем алдында шын мәнінде Тәуелсіз, Азат, Егеменді ел екенін жариялайтын уақыт қашан жетер екен?!.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ