Театрдың жаңашылдығы шығармашылық ізденістерге тікелей байланысты - Болат Ұзақов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 2015 жылды табысты қорытындылады және жаңа басталған жылда да ауқымды істерді атқаруды көздеп отыр. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталған театрдың режиссері Болат Ұзақов қол жеткен табыстары және елге айтар жаңалықтарымен бөлісті.

- Болат Қасымжанұлы, театр өмірінде қандай өзгерістер бар? Қандай жаңашылдығын айтар едіңіз?

- Театрдың жаңашылдығы шығармашылық ізденістерге тікелей байланысты. Өткен жылдан бастап өнер ұжымына серпін беру үшін ТМД елдеріне аты шыққан режиссерлер мен театр суретшілерін шақыру ісін қолға алғанымыз оң нәтиже беріп отыр. Осы орайда, 2015 жылы күзде Орталық Азия елдеріне танымал Қырғыз Республикасының театр суретшісі Юлдаш Нұрматовты шақырған едік. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша әзірленген қойылымды көрерменге ұсынғанда, сахна суретшісі болды. Ол сахнаны безендірді, әртістер киімдерінің дизайнын жасады. Қашанда суретші мықты болса, спектакльдің көркемдік деңгейін 30-40, тіпті 50 пайызға дейін көтере алады. Қырғыз суретшісінің аталған қойылымға қосқан үлесі анық байқалды. Бәрі риза болды. Көрермендер жоғары бағалады. Ең бастысы, жаңа қолтаңбаның бар екені анық көрініп тұр.

Сонымен қатар Айрат Абушахманов есімді Башқұртстанның жас режиссері бар, ол - Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мажит Гафури атындағы Башқұрт Мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері. Халықаралық театр байқауларында аты шыққан, театр сыншыларының аузына ілігіп жүрген дарын иесі десек, қате болмас. Мәскеуге барып, спектаклін қойған. Сол режиссерді де шақырған едік.
Айрат Абушахманов қазір «ЖҰТ» драмасын сахнаға дайындап жатыр. Қойылымның авторы - Мәскеуде тұратын қазақ жігіті,драматург Олжас Жанайдаров. Драмада 1930 жылдары қазақ халқының басына түскен ашаршылық нәубеті суреттеледі. Сол кезең мен қазіргі заман арасын параллель алып отырады. Оқиға Мәскеуде өтіп жатады. 1932 жылғы аштықты көрген адамның немересі қазір журналист болған. Қысқасы, айтатын ойы бар туынды. Ұтымды дүние шығады деп күтіп отырмыз.
Қаңтар айының 27-28 күндері «ЖҰТ» драмасының премьерасы өткізілмек.

- Өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?

- 2015 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен «Золотой Витязь» атты халықаралық театр фестиваліне қатысқан Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымы «Алтын Витязьға» ие болып, бас жүлдені алып келді. Талғат Теменовтің «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымын алып барған болатын.
Шығармашылық ұжымда да жетістіктер болып жатыр. Жыл қорытындысында әртісіміз Қуандық Қыстықбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Сондай-ақ бір әртісіміз «Құрмет» орденімен марапатталса, екі өнер иесі жастар сыйлығына ие болды. Өткен жылы жазда қала әкімдігі әртістерімізге үш пәтер берген еді, жылдың соңында тағы да үш пәтер беріліп отыр. Жуырда Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев арнайы келіп, театр ұжымымен кездесті. Онда шығармашылық және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Ұжымда жастар басым болғандықтан, олардың балаларын балабақшаға орналастыруда проблемалар туындап жүргені жасырын емес. Әкімнің орынбасарымен өткен кездесуде осы мәселе де қозғалды.

- Мешін жылы жүзеге асырғыларыңыз келіп отырған қандай жоспарларыңыз бар?

- Биыл - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біздің театрымызға да 25 жыл толады. Осы мерейлі датаға арнап, жазда еліміздің облыстарынан, шетелден театр ұжымдарын шақырып, бір театр фестивалін өткізу ойымызда бар. Бұл бастамамызды қала әкімдігі де қолдайды деп сенеміз.

Бұл театрдың әу баста шаңырағын көтерген Жақып Омаров ағамыз көп еңбек сіңіріп, өнер ұжымын жолға салып кеткені белгілі. Содан кейін Қадыр Жетпісбаев деген режиссер ағамыз да осы театрды басқарған. Ұлы режиссер, халық әртісі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің осы ұжымға он жылдай басшылық жасап, жоғары деңгейге көтеріп кеткенін жақсы білесіздер. Осы азаматтардың есімдерін атап, аталған фестивальда жүлде тағайындау туралы ойымыз да бар. Сондай-ақ өмірден өтіп кеткен әртістер де бар. Арасында жастай қайтыс болғандары да кездеседі. Оларды да еске алып, құрмет көрсету шараларын жүзеге асырғымыз келеді.

- Істеріңізге сәттілік тілейміз.