Театрлар басшылары Т.Жаманқұлов жетекшілік ететін Одақтан жаппай шығып кетті

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде «Қазақстан театрлары қауымдастығы» жаңа қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Ассоциацияның президенті болып М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО Халық әртісі, мемлекеттік жүлделердің лауреаты, «М. Ломоносов» орденінің кавалері, «Отан» және «Достық» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа қауымдастықтың құрылуы туралы қазақстандық жетекші театрлардың басшылары жариялады. Бұл шешімді қолдағандардың қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М. Лермонтов атындағы орыстың мемлекеттік академиялық драма театры, Мемлекеттік республикалық кәріс музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық неміс драма театры және т.б. мәдени ошақтардың басшылары бар.

«Жаңа кәсіби қауымдастықты құру туралы шешім Театр қайраткерлері одағы (ТҚО) және оның жетекшісі Тұңғышбай Жаманқұловтың есімімен байланысты дау-дамайлардың бітпес легіне орай қабылданды», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Хабарламаға сүйенсек, театр саласының мамандары онымен бір мезгілде ТҚО-дан шығу туралы шешім қабылдаған.

«Театр қайраткерлері отандық театр өнеріне қолдау көрсету бойынша міндеттерін жүзеге асыруды тоқтатқан ұйымда өздерінің мүшелік етуін одан әрі жалғастыру мүмкін емес деп санайды. ТҚО-дан шығудың тағы бір себебі - Одақ жетекшісі Т. Жаманқұловтың ұйымның беделіне нұқсан келтіріп жүрген іс-әрекеттері. Мұнда Т. Жаманқұловтың есімі «Феникс» фильміне байланысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы дау-дамайда аталуы меңзеліп отыр», - делінген таратылған мәліметте.

«Біз «Қазақстан театрлар ассоциациясының» мақсаттары мен міндеттері заман талабына сай болып, халықаралық деңгейде рухани бай мәдениетімізді жан-жақты көрсететінімізді мәлімдейміз», - деп жазылған Мемлекеттік театрлар құрылтай жиналысының шешімінде. 

Соңғы жаңалықтар