Бұл пікірді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева айтты.
Айта кету керек, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі Қазақстанның театры: театр қызметінің қазіргі жағдайы және оны заңнамалық тұрғыдан жетілдірудің перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткен болатын. Оған театр ұжымдарының басшылары арнайы шақырылды.
«Депуттаттардың бұған ерекше мән беруінің өзі осы саланы заң тұрғысынан реттеудің маңыздылығын көрсетеді. Театр ұжымдарының жетекшілері айтқан пікірлердің ортақ қорытындысы - осы саланы реттейтін заң қажет. Біздің елдің тарихында театрға қатысты арнайы заң болған емес. Яғни, осы өнер саласының барлық мәселелері «Мәдениет туралы» Заңның аясында қаралушы еді. Бірақ мәдениеттің саласы өте ауқымды. Барлық саланы түгелдей қамтып, жан-жақты қарастыру мүмкін емес. Біз болашақта Қазақстанды өркениетті де рухани бай елге жетекіземіз десек, әдебиетке, театрға айрықша назар аударуымыз керек. Алдағы уақытта театр ұжымдарының ұсыныстары ескеріліп, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде жұмыс тобы құрылады деп ойлап отырмыз»,- деді депутат, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Г. Исимбаева.
Парламентшінің пікірінше, жаңа заң жобасын әзірлеу, оған бастамашылық жасап, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізудің заңмен белгіленген процедуралары бар. Не Үкімет тарапынан заң жобасы келіп түсуі мүмкін, болмаса Парламент депутаттары бастамашылық жасайды.
Депутат ең басты мәселе осындай істің қолға алынып отырғандығын айтты. Ол міндетті түрде аяғына дейін жеткізіледі. Бүгінгі таңда мәселе өте көкейкесті қойылып отыр. Әрі қарай шешімін табатынына сенім білдірді.
«Өзіңіз заң қажет деп ойлайсыз ба?», деген сұраққа депутат Г.Исимбаева:
«Менің ойымша, театрлар мәселесін реттейтін арнайы заң қажет. Жаңа айтып өттім, «Мәдениет туралы» Заңда бірнеше сала қамтылған. Оның ішінде әдебиет те, өнер де, музыка да, мұражай да, кітапхана да бар. Соның бәрін бірдей деңгейде, бір заңмен реттеу мүмкін емес. Сонымен қатар бізбен көршілес елдерде театрға қатысты заңдар бар. Заңның шеңберінде «театр деген не?» дегеннен бастап осы өнер шаңырағының қызметіне байланысты барлық мәселелердің құқықтық-заңнамалық реттеу нормалары қарастырылуы тиіс. Драматургтерге қаламақыны төлеудің тәртібі белгіленеді немесе оның тәртібін айқындау міндеті Үкіметке тапсырылады. Осындай нормалар жаңа заңда міндетті түрде болады деп ойлаймын.