«Театрлар және театр қызметі туралы» заң жобасын әзірлеудің маңыздылығы айтылды

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Бүгінгі Қазақстанның театры: театр қызметінің қазіргі жағдайы және оны заңнамалық тұрғыдан жетілдірудің перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұл шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы ұйымдастырды.

ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева кіріспе сөз сөйлеп, жаңа заң жобасын әзірлеу үшін және заңға бастамашылық жасау үшін бүгінгі басқосудың маңыздылығы өте зор екенін айтты. «Сіздердің пікірлеріңіз бен көзқарастарыңызды білу үшін кең ауқымда кездесіп тұрғанымыз жөн. Біз осы қызмет саласының нақты заңмен реттелуі қажет деп есептейміз», - деді.

Дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет және ақпарат  министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев сөз сөйлеп, Қазақстандағы театрлардың жай-күйі туралы баяндап берді.

Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, республикалық, облыстық және ұлттық театрлардың басшылары, белгілі сыншы-театртанушылар мен  драматургтер, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстандағы Жазушылар одағы драматургия кеңесінің меңгерушісі Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры - көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев, М. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Рубен Андриасян және осы театрдың бас директоры Юрий Якушев, Қ.Қожамьяров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркем жетекшісі Ахметжан Қадыровтар сөз сөйлеп, театрлардың бүгінгі өзекті мәселелерін ортаға салды. Ел мәдениетін дамыту үшін театрлардың қызметін реттеуге бағытталған заң қажет екені айтылды.

Аталған іс-шараның мақсаты - бүгінгі таңда қазақстандық театрлар алдында тұрған проблемаларды шешудің жолдарын табуға көмек көрсету үшін театр өнерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді және дамыту перспективаларын талқылау.

  Дөңгелек үстелдің қорытындысында театр жұмысына қолдау көрсету жөнінде ұсынымдар қабылдау, сондай-ақ «Театрлар және театр қызметі туралы» заң жобасын әзірлеудің орындылығын талқылау туралы ортақ тоқтам жасалды.