Театрларға еркіндік берілмей отыр – драматург
– Театр атты киелі өлкеде елеулі еңбек етіп, көптеген драматургиялық туындыларды жарыққа шығарып жүрсіз. Театр өнерінің қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия десек, қазіргі қазақ драматургиясы туралы қандай пікірдесіз?
– Қазіргі қазақ драматургиясы қайта жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр десе болады. Бүгінгі таңда жас драматургтер көбірек бой көрсетіп, жаңа серпіліс пайда болды. Ол серпіліске «Драма.KZ» драматургтер байқауы әсер етті деп ойлаймын.
Әннәс Бағдат, Айдана Аламан, Мерей Қосын, Мұрат Қолғанат, Хан Асанов сынды жастардан құралған драматургтер тобы келе жатыр. Мені осы серпіліс айрықша қуантады. Демек, драматургияда өзгеше бетбұрыс пайда болды.
– Бүгінгідей жаһандану дәуірінде театр өнері үшін көрермен сұранысын қанағаттандыру басты міндет болса, осы тұрғыда театрлардың репертуарлық саясаты қаншалықты көңіліңізден шығады?
– Менің ойымша, әлі де болса театрларға еркіндік берілмей жатыр. Осы орайда «тақырыптық» деген мәселені баса атап өткім келеді. Мысалы, театр көп жағдайда арнаулы мерейтойлар мен атаулы жылдар аясында тапсырылып, арнайы жасалынатын жұмыстарға байланып қалып жатады.
Бұл мәселе төңірегінде екі түрлі пікір бар. Қоғам үшін қажетсіз тапсырыстар ұсынылмайды, бұл мәселенің пайдалы тұстары жетерлік. Дегенмен, бүгінгі күн тақырыбымен үндесіп, нақты идеяны жарып шығатын пьесалар, өкінішке қарай, репертуарға енбей қалып жатады.
Аталған мәселенің тағы бір басты себебі – театрлардың авторға қаламақы төлеуге қиналатындығы. Соның салдарынан драматургтер туындыларын театрға ұсынбайды.
Әйтсе де, репертуардың көрермен көңілінен шығуына, пьесаның айтар ойының лайықты жеткізіліп, бағының ашылуына ықпал ететін бірден бір адам - режиссер болса, пьесаның кәсіби маман қолына тап болып, шебер ұсынылуы не болмаса керісінше, шаң басып жарыққа шықпай жатуы да аталған сала иесіне байланысты.
– Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымымен өткен онлайн кездесуде сіздің «Шөжек пен Көжек», «Ақтұмсық пен Сарыүлпек», «Өжет Есек», «Саяхатшыл зу Көжек», «Жалқаубектің жауабы» атты пьесаларыңыздың оқылымы болып, талданғаны белгілі. Аталған кездесудің артықшылығы неде деп ойлайсыз?
– Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Zoom платформасы арқылы ұйымдастырып, өткізген онлайн кездесу барысында «Шөжек пен Көжек», «Ақтұмсық пен Сарыүлпек», «Өжет Есек», «Саяхатшыл зу Көжек», «Жалқаубектің жауабы» атты пьесаларым ұсынылды. Соның ішінде театр ұжымы ерекше ұнатып, қызығушылық танытқан ертегі – «Ақтұмсық пен Сарыүлпек». Осы ертегі бойынша талдау жүргізіліп, ұсыныстар айтылды.
Кездесу нәтижесінде Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының өзге театрлардан ерекшелігі аңғарылды. Балаларға қуыршақ театрынан қажетті құндылықтар мен тақырыптарды саралап, тікелей байланыс кезінде қуыршақ театры үшін көптеген өзекті мәселелерді көкейге түйіп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстың маңызы айқындалды.
Драматург пен театрдың шығармашылық ұжымының тікелей байланыста болуының екі жаққа да берері мол екеніне көзім жетті.
–Театртанушы мамандардан балалар драматургиясының қажеттілігі, балаларға арналған шығармалардың аздығы немесе сапасының төмендігі турасындағы ескертпелерді құлағымыз жиі шалып қалып жатады. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?
– Балалар драматургиясы, балалар әдебиеті, балаларға арналған ән жоқтың қасы екені баршаға аян. Әсіресе, балалар драматургиясы мен әдебиеті бүгінгі таңда көп ақсап жатыр. Себеп – театр тарапынан балалар драматургиясына қызығушылықтың, сұраныстың болмауы. Сұраныс былай тұрсын, драматург қаламақысын өз деңгейінде төлеп бере алмайды.
Ертегі жазып, болмашы қаражатты қанағат еткеннен гөрі ересектерге арналған пьеса жазып, миллиондап қаламақы алу драматург үшін әлдеқайда тиімді екендігі жасырын емес. Сондықтан, көп жағдайда балалар драматургиясы кенже қалып жатады. Бұл - бірінші фактор.
Екінші фактор – балалар аппақ қағаз іспеттес, көңілі періштедей пәк. Сол періште көңілді сендіріп, еліктіру үшін сахна төріндегі оқиғаның деңгейі қандай болуы шарт?! Міне, осы себептен де балалар драматургиясына қалам тартуға көп драматургтер қауымы бара бермейді. Себебі бала жүректі, бала көңілді оқиғаға еліктіру, сендіру - қиынның қиыны.
– Драматургия саласының лайықты дәрежеде дамып, сапалы туындыларды жарыққа шығару үшін жас жазушылар ескеруге тиіс ең басты қағида қандай?
– Балалар тақырыбына қызығушылығы басым жас жазушылар үшін ең алдымен баланы, періште жүректі инабаттылыққа, жақсылыққа, тазалыққа, адамгершілікке жетелей білетін үлкен жүректі мейірім керек. Драматург шетелдің әртүрлі кейіпкерлерімен алдаусыратпай, ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді сақтай отырып, ұлтжандылыққа, ұлттың тарихына, көне салт-дәстүрін жадында сақтап, тамырлы тарихымыздан үлкен ақпарат бере алатындай дүниелерді бала тілімен жеткізе білсе құба-құп.
– Әңгімеңізге рахмет!