Тегеран екі апта ішінде ауызсусыз қалуы мүмкін

Фото: IRNA

АСТАНА. KAZINFORM – Иран астанасының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін негізгі су көзі екі апта ішінде тартылып қалуы ықтимал. Бұған елді жайлаған құрғақшылық себеп болып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

— Тегеранды ауызсумен қамтамасыз ететін бес су қоймасының бірі Амир Кабир су қоймасы қазіргі уақытта небәрі 8 пайызға ғана (14 миллион текше метр су) толы. Бір жыл бұрын оның көлемі 86 миллион текше метрге жеткен еді. Бірақ содан бері бұл аймақта жауын-шашын мөлшері 100 пайызға қысқарды, — деп жазады Al Jazeera Тегеран су жүйесін басқару компаниясының басшысына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі деңгейде бұл су қоймасы Иран астанасын тек екі апта көлемінде ғана ауызсумен қамтамасыз ете алады. Ирандық БАҚ-тың деректеріне сәйкес, Тегеран тұрғындары тәулігіне шамамен үш миллион текше метр су тұтынады.

Жағдайды тұрақтандыру шарасы ретінде кейбір аудандарға су беру тоқтатылған.

Al Jazeera мәліметінше, Иран соңғы ондаған жылдағы ең ауыр құрғақшылықтың біріне тап болған.

Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранда су тапшылығының күрделі жағдайы туралы хабарлаған болатын.

Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуде мемлекет басшысы билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Атап айтқанда, ол Талекан су қоймасынан Тегеранға су жеткізу жобасы іске асырылып жатқанын, бұл қадам күзгі кезеңде провинцияны сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.