АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық қос теннисші Иран астанасы Тегеранда 18 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ITF Juniors J100 TEHRAN турнирінің жартылай финалында өзара кездеседі деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Әмір Омарханов (299 ITF Juniors) ширек финалда өзбекстандық Имран Хайтбаевты 6:2, 7:5 есебімен ұтты.
Тағы бір қазақстандық Даниал Рахматуллаев (435 ITF Juniors) үндістандық Криш Тиджиді ойсырата жеңді – 6:2, 6:0.
Енді Ә.Омарханов пен Д.Рахматуллаев жартылай финалда финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Заңғар Нұрланұлы (692 ITF Juniors) ширек финалда үш сағатқа созылған аса тартысты бәсекеде жарыстың 8-ракеткасы, германиялық Артем Ляпшинге жол берді – 6:4, 5:7, 4:6.
Тегеранда Әмір жұптық сында финалға шықты.
Ол соңғы бәсекеде болгариялық Иван Найденовпен бірге өзбекстандық Имран Хайтбаев – белоруссиялық Даниил Ряженкоумен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық үш жас теннисшінің Тегерандағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).