Тегін дәрі-дәрмек алудың талаптары қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова тегін амбулаториялық дәрі-дәрмек алатын науқастарға қойылатын талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Қазақстандықтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік қамтамасыз ету үшін 2018 жылға 200 млрд теңгеден астам қаржы  бөлінді. Оның ішінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге - 124 млрд теңге берілген», - деп атап өтті Людмила Бюрабекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, комитет төрайымы тегін дәрі-дәрмек алатын науқастардың диспансерлік есепке тұрып, дәрігер бақылауында болуы қажеттігін және препараттардың рецептпен берілетінін еске салды.

«Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына тексеру жүргізу барысында тегін дәрі алатын кей науқастардың диспансерлік есепке тұрмағанын анықтадық. Мәселен, біздің электронды тізімде диспансерлік науқастар саны 1 млн 300 мың болса, 2017 жылы 2 миллионнан астам адам тегін препараттар алған», - деді ол.

Людмила Бюрабекова препараттарды үздіксіз алып отыру үшін пациенттерге дәрігерлерге баруға, қажетті процедуралардан өтуге кеңес берді.