Тегін рецептілер бойынша дәрілік заттар беретін дәріханалық ұйымдар желісі кеңейтілуде

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру шеңберінде халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында тегін рецептілер бойынша дәрілік заттар беретін дәріханалық ұйымдар желісі кеңейтілуде,

деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

 «Науқастарға ыңғайлы болу үшін тегін рецептілер бойынша дәрілік заттар емханалардағы дәріханалардан берілетін болады. Аудан орталығынан шалғай, дәріханасы жоқ елді мекендерде дәрілік заттар ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың және фельдшерлік-акушерлік пункттердің дәріханалық пункттерінен беріледі», - делінген ведомство хабарламасында.

 Фармацевтикалық білімі бар мамандар болмаған жағдайда, дәрілік заттар беруді алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандары арқылы, аттестациядан өткен медицина қызметкерлері жүзеге асырады.