15:46, 21 Сәуір 2009
Тегін заңгерлік кеңестер ұйымдастыруға арналған жаңа жоба басталды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан тұтынушыларының ұлттық қауымдастығы мен GSM/Kcеll компаниясы арнайы телефон желісі арқылы тегін заңгерлік кеңестер ұсынуға арналған бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыра бастағанын мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жобаның мақсаты - жұртшылыққа сапалы заңгерлік кеңестердің қолжетімді болуына көмек көрсету. Қауымдастыққа еліміздің түрлі өңірінен өнім мен қызмет сапасына қатысты күн сайын ондаған өтініштер түседі. Өкінішке қарай, тұтынушылар әрдайым заңгерлердің кәсіби кеңесін ала алмайды. Оған біздің мүмкіндігіміз жетпейді. Біз осы уақытқа дейін 28 957 адамға кеңес бердік. 552 тұтынушының сотқа берген шағымы шағымданушылардың пайдасына шешілді және көптеген дау-дамайлар сотқа жетпей өз шешімін тапты. Жаңа жобаның нәтижесінде енді біздің заңгерлердің шалғайдағы тұтынушылармен жұмыс жасау тиімділігі артып, қазақстандық сатып алушылардың деңгейі артады деп ойлаймыз», дейді Қазақстан тұтынушылары ұлттық қауымдастығының президенті Светлана Савченко. GSM Казахстан/Kcell компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі аға маманы Наталья Еськованың айтуынша, олар қауымдастық заңгерлерінің шұғыл арналарға келіп түсетін қоңырауларға қызмет көрсету жұмысын 1 жыл бойы қаржыландырмақ. Бұл жобаның жалпы құны 4,3 миллион теңгені құрайды. Ең жиі қойылатын сауалдар қауымдастықтың интернеттегі сайтына (www.potrebitel.kz) енгізіледі.