Маманның сөзінше, мемлекет кепілдік берген заң көмегі – азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Ол халықтың материалдық жағдайына қарамастан, заңда көзделген санаттағы азаматтарға тегін құқықтық қолдау алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ҚР Конституциясына және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық консультация беру, заңдық құжаттарды әзірлеу, сондай-ақ азаматтардың соттар мен мемлекеттік органдардағы мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.
Атап айтқанда, мына санаттағы жандар тегін адвокат қызметіне жүгіне алады:
· Алимент тобындағы азаматтар;
· Зейнетақы және жәрдемақы алу құқығына ие тұлғалар;
· Көпбалалы аналар;
· Асыраушысынан айырылғандар;
· Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілгендер;
· Қылмыстық ізге түсу амалдары орын алғаннан бастап айыпталушы, жәбірленуші және сотталушы;
· Зорлық-зомбылыққа душар болғандар.
Одан бөлек, терроризмге қатысты қылмыстық істер бойынша мемлекет тарапынан тегін заң көмегін көрсету көзделген.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт – алимент тобындағы азаматтар, зейнетақы және жәрдемақы алатын кісілер, көпбалалы аналар тек осы мәселелер аясында туындаған даулар бойынша тегін адвокат көмегін алуға құқылы.
– Мысалы, бір көпбалалы ана саудамен айналысады делік. Егер әлдекім міндеттемелерін орындамай, сауда саласында жаңағы көпбалалы ананың құқығын бұзса, онда бұл коммерциялық дау саналады да, тегін құқықтық көмек көрсетілмейді, – деп түсіндірді Бақытжан Бейсен.
Демек, аталған санаттағыларға тек алимент, жәрдемақы, зейнетақы алу бойынша дауларда ғана тегін адвокат қызметі көрсетіледі.
Заң көмегін көрсету тәртібі
Бақытжан Бейсен заң көмегін адвокаттар мен заң консультанттары көрсететінін атап өтті. Адвокаттар қылмыстық істер бойынша қорғауды жүзеге асырып, азаматтардың соттағы мүддесін қорғайды. Ал заң консультанттары құқықтық кеңес беріп, арыздар, шағымдар мен өзге де заңдық құжаттарды әзірлеуге көмектеседі.
Құқықтық консультацияны азаматтар мамандарға тікелей жүгіну немесе «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы ала алады. Егер көмекті өтініш берілген күні көрсету мүмкін болмаса, ол заңнамада белгіленген мерзімде, тиісті жағдайларда үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс.
Ал заң көмегін көрсеткен мамандар ақы төлеуге арналған электрондық өтінішті бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қалыптастырады. Әділет департаменті ұсынылған құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын тексергеннен кейін, қолданыстағы қағидаларға сәйкес төлемді рәсімдейді.
Заң көмегінің қолжетімділігін арттыру шаралары
Астана қаласында Әділет департаменті мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша 158 адвокатпен және 13 заң консультантымен келісім жасасқан. 2026 жылдың 10 айында осы жүйе аясында 11 284 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Көрсетілген қызметтер үшін бюджет қаражаты есебінен 247 млн 347 мың теңге бөлінді.
Айта кетейік, қазір заң көмегін көрсету және оған ақы төлеу процестерінің басым бөлігі «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Цифрлық платформа өтініштерді рәсімдеуді, құжаттарды жолдауды және көрсетілген қызметтерді есепке алуды жеңілдетеді.
– Астана қаласының Әділет департаменті мемлекет кепілдік берген заң көмегінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мамандардың еңбегіне ақы төлеудің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр, – деді Бақытжан Бейсен.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда адвокаттар мен нотариустар үшін талаптар жаңартылғанын жазғанбыз.