Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істейді. Ол әрбір дәрі-дәрмек қаптамасының өндірушіден бастап пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға, сондай-ақ ел бойынша дәрілік заттардың қорын қадағалауға мүмкіндік береді.
— Цифрлық бақылаудың нәтижесінде дәріхана желісі арқылы 26 мыңнан астам қаптама тегін дәрілік препараттың сатылғаны анықталды. Анықталған фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханаға қатысты тексеру жүргізілді. 60-тан астам ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 млн теңгеден асты. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал 36 млн теңгеден асады. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, — деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап цифрлық таңбалау тағамға биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) да енгізілді, ал 2027 жылдан бастап бұл жүйе медициналық мақсаттағы бұйымдарға да қолданылады.
Бұған дейін тегін дәрі туралы ақпаратты тез алуға көмектесетін чат-бот қалай жұмыс істейтінін жазғанбыз.