Қазақстанда жыл сайын шамамен 3 млн адам емханаларда, стационарларда және травматологиялық пункттерде консультациялық көмек алады. ТМККК және МӘМС шеңберінде жыл сайын 130 мыңнан астам операция жасалады, оның ішінде шұғыл және жоспарлы хирургиялық араласулар бар.
Соңғы бес жылдың ішінде эндопротездеудің көлемі 50%-ға жуық өсті. Бұл мемлекет кепілдіктерінің есебінен халық үшін жоғары технологиялық ортопедиялық көмектің қолжетімділігі артқанын көрсетеді.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің де тұрақты көлемі сақталуда. 2025 жылы 1,5 мыңнан астам ЖТМҚ көрсетілді, оның ішінде:
- омыртқаға 300-ден астам операция;
- 1 000-нан астам ревизиялық эндопротездеу операциясы;
- ірі буындарға 4,5 мыңнан астам артроскопиялық операция жасалды.
Бұл хирургиялық араласулардың барлығы мамандардың жоғары біліктілігін, заманауи жабдықтарды және клиникалық стандарттарды қатаң сақтауды талап етеді әрі пациенттер үшін тегін жүргізіледі.
Негізгі жүктеме дәстүрлі түрде еліміздің жетекші бейінді орталықтарына, оның ішінде Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына түседі.
Сонымен қатар медицина технологиялық тұрғыдан да дамып келеді. Клиникалық практикаға кезең-кезеңімен:
- омыртқа хирургиясындағы навигациялық жүйелер;
- эндопротездеудегі роботтандырылған технологиялар;
- буындардың дегенеративті ауруларын емдеудегі жасушалық әдістер;
- күрделі реконструкциялық операцияларға арналған 3D-жеке импланттар енгізілмек.
Сонымен бірге өңірлердегі травматологиялық қызмет те күшейтіліп жатыр.
2027 жылға дейін Қазақстанда өңірлік травматологиялық орталықтар желісі құрылады, шокқа қарсы бөлімшелер жаңғыртылады, шұғыл медициналық көмекті және жарақаттанудың прлфилактикалық шараларын күшейту жоспарланған.
Бүгінде мамандандырылған көмекті 1 500-ден астам травматолог дәрігер көрсетеді. Елде 81 травматологиялық пункт, 4 мыңнан астам бейінді төсек және 260 медициналық ұйым жұмыс істейді. Кадрлық әлеуетті нығайту және қызмет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғаспақ.
Бұған дейін алматылық дәрігерлер баланың жұлынып кеткен саусағын қалпына келтіргенін жазған едік.