Биыл 26 қазан күні Алатау қаласында дәмхананың ашылуына орай тегін суши таратылған. Алайда тегін тамаққа таласқан адамдардың көптігінен дәмхана алдында тәртіпсіздік орнаған.
Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында іс-шараның Алатау қаласы әкімдігімен келісілмегені анықталды. Сондай-ақ дәмхана әкімшілігі көпшілік жиналған жерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын орындамаған.
- Мекеме иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 443-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету талаптарын бұзғаны үшін кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда «пранк» үшін қызды күштеп көлікке отырғызған үш азаматқа айыппұл салынды.