Тегін үйірмелер бір ваучерге біріктірілуі мүмкін

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бюджет есебінен қаржыландырылатын білім беру, спорт және шығармашылық бағыттағы балалар үйірмелері бірыңғай ваучерге біріктірілуі мүмкін. Сол үшін  Үкімет әуелі екі қала мен үш облыста қанатқақты жобаны іске асырмақшы.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутатының сауалына жолдаған жауабында айтылған.

- Биыл қызметтерді автоматтандыру жұмыстары аясында білім беру, спорт және шығармашылық бағыттары бойынша мемлекеттік үш тапсырыс біріктіріліп, бірегей ваучер арқылы пилоттық жоба іске қосылады. Жобаны биылғы 1 шілдеден бастап екі өңірде (Астана, Шымкент қ.), 1 қыркүйектен бастап үш өңірде (Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстары) іске қосу жоспарланып отыр, - деп жазылған жауапта.

Жоба аясында үйірмеге қатысатын балалардың есебін QR-кодтар мен биометриялық сәйкестендіру (ата-аналардың келісімімен) арқылы жүргізу көзделіп отыр.

- Жобаны «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграциялау көзделген. Бұл бюджет қаражатын бөлудің ашықтығы мен тиімділігін, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің шығыстарын автоматты түрде бақылауды қамтамасыз етіп, мемлекет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік береді, - дейді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының жауабында мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейге берілсе, бақылау деңгейі төмендейтіні айтылған. Сондықтан қаржыландыру функциясы облыстық басқармалардың құзыретінде қала бермек.

Еске салсақ, сәуір айының аяғында Алматыда «Damubala» бағдарламасына қызмет көрсетушілерге қайта іріктеу басталған болатын.