Тегранда халықаралық құрылыс материалдары көрмесі ашылды

ТЕГРАН. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Асылбек Әділхан/ - Тегранда халықаралық 10-шы құрылыс материалдары көрмесі «Арзан, сапалы және тез құрылыс» деген ұранмен ел астанасындағы тұрақты халықаралық көрмелер орталығында ашылды.

Орталықтың ақпарат бөлімі хабарлағандай, Америка мен Еуропа Одағы мемлекеттері кәсіпорындарының бастамашылығымен өтіп жатқан халықаралық құрылыс материалдары көрмесі тамыздың 6-сына дейін созылады.

Жалпы көлемі 100 мың шаршыметрді алып жатқан биылғы көрмеге 1400 отандық және шетелдік кәсіпорындар қатысуда. Сонымен қатар олардың арасында Америка, Англия, Германия, Франция, Испания, Бельгия, Дания, Австрия, Швеция, Голландия. Канада, Қытай, Ресей, Түркия, Румыния және Болгария сияқты 35 мемлекеттің өкілдері өз өнімдерін ұсынуда.

Осы көрменің аясында құрылыс мәселелеріне арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, жаңа технологияларға негізделген өнімдердің таныстырылымы өтеді.