Техас тұрғынына көктен құлаған жылан мен жемтігіне таласқан қаршыға шабуыл жасады

ТЕХАС.ҚазАқпарат - Техас тұрғыны Пегги Джонс үстіне жылан құлап, артынша қаршыға шабуыл жасағаннан ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: CBS/PEGGY JONES

64 жастағы Пегги Джонс көгалын тазалап жатқанда, үстіне ұшып бара жатқан қаршығаның жемтігі құлаған. Жылан бірден оның қолына оралып, бетіне жабысады. Бақытына орай көзілдірігі қорғап қалған. Ол жыланды лақтырып тастауға тырысып, қолын сермеп тұрғанда қаршыға шабуыл жасаған.
Әйелдің қолы мен беті жарақаттанып қалды.
Қызық оқиға 25 шілде күні Луизиана шекарасына жақын Техас штатындағы Силсби қаласында болды.
Пегги Джонстың айтуынша, қаршыға жыланның соңынан іле-шала пайда болған. Жемтігін тартып алуға тырысқан жыртқыш құс бірнеше рет оралып, әйелге шабуыл жасайды.
Ақыры жыланды алып ұшып кетеді.
Осы оқиғадан кейін әйелдің түнгі ұйқысы бұзылған.