Техаста полиция қызметкерi студентті жолдағы жылдамдықты асырғаны үшін атып тастады

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында (Техас штаты) полиция қызметкерi қарусыз студенттi атып тастады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттiгi.

Жергiлiктi БАҚ-тың жазуынша, құқық қорғау органының қызметкерi 23 жасар студент Кэмерон Редусты жылдамдықты асырғаны үшiн тоқтатқан. Кейiн олардың араларында жанжал туып, полицей көп ойланбастан жас жiгiтке оқ жаудырған.

Редус алған жарақаттардан сол жерде жан тапсырды. Студент қарусыз болған. Қазiргi уақытта оқиға тергеуге алынды. Оқ атқан полицей лауазымынан уақытша шеттетiлдi.

Өкінішке орай, бұндай жағдайлар бұл елде соңғы уақытта жиі кездесетін болды. 2011 жылы 23 сәуір күні америкалық Портсмут қаласында Қазақстаннан барған иммигрант Кирилл Денякин полицейдiң қателiгiнен көз жұмған болатын. Полиция қызметкерi оны тонаушы деп ойлап қалып, атып өлтiрген.

Қыркүйек айында Солтүстiк Каролина штатының Шарлотт қаласында 24 жастағы қарусыз жiгiт полицейлердiң оғынан көз жұмды. Кейiн анықталғанындай, ол жiгiт апатқа ұшырап, шұғыл көмекке зәру болған.

Хьюстонда полиция офицері қаламмен "қаруланған" арбадағы мүгедекті атып тастағаны туралы да бұрын хабарлаған болатынбыз. Оқиға жазылмайтын науқастар үйінің бір тұрғыны шу шығарған соң, аталмыш мекен-жайға полиция келген соң болды. Науқастың шу шығаруына қызметкердің темекі бермей қоюы себеп болған.