Техастағы торнадо алты адамның өмірін қиып кетті

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Американдық Техас штатында болған бірнеше торнадо тұрғындарды әбігерге салып, елеулі зиян шектірді, деп хабарлады РепортерUA.

Шериф Роджер Дидс елеулі зардап шеккен адамдар бар екенін айтты. Бірақ мерт болғандардың санын айта алмады. CNN алты адамның мерт болғанын айтады, Дидстің айтуынша, тағы 14 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Грэнбери елді мекенінде ондаған үйді түп орнымен қопарып кеткен. Клиберн елді мекенінің тұрғыны Даррен Баскестің айтуынша, торнадо үйдің төбесін жұлып әкеткен, ұшып жатқан қирандылардан балаларын матраспен қымтап қорғап алып қалған.

Теледидар кадрлары аударылған жүк машиналарын, тамырымен жұлынған ағаштарды, үзілген электр желілерін көрсетуде. Кейбір аудандарда түскен бұршақтың көлемі бейсбол добының шамасына жеткен. Техастың 32 округінде дауыл тұратыны ескертілді.

Өткен жылғы наурыз айында 100-ге тарта торнадо болып, 40-тан астам адам мерт болған еді. Дауыл АҚШ-тың орталығы мен оңтүстігінде бірнеше штатқа елеулі зиян келтірген болатын.